ОРЫН

lat: ORYN /138/

зат. 1. Бір нәрсені қоятын, орналастыратын кеңістік.

Иесіз тау. Бір пенде жоқ сырласуға,

Жөнелді қонағына күн де асыға.

Жырадағы жалғыз үй орнында екен,

Шоқытып шыға келсем қыр басына (1,309).

Кім салқындап отырар мына бақта?

Ойын-сауық ана жақ, мына жақта.

Сонда қалай? Осы бақ орынында,

Адамдар алма-кезек құламақ па?! (3,225).


2. Отыратын, тұратын, жататын жер.

Отырысты, әрнеден сыр атқарды,

Бір-біріне жаудыртып сұрақтарды.

Асан күліп, орнынан тұрды дағы,

Радио құлағын бұрап қалды (1,147).

Көтер басты, Тұр орныңнан!Терезеге қарашы.

Неткен тұнық, неткен қымбат жер мен көктің арасы!

Неткен жақын бұл ғаламда адамзаттың баласы!

Бауырым-ау, жи күшіңді, терезеге қарашы! (3,69).


3. Бір нәрсенің пара-пар болатын баламасы.

Шәй орнына қайнақ су сораптадық,

Сонда да біз жамандық жолатпадық.

Барға мәз, балапандай тояттадық,

Сонда да біз өмірді жоғалтпадық (1,292).

Аттан! деді,

Ол ертең аттанады.

Аттанады еңбектің ақ табаны.

Күрегінің орнына қару алып,

Жауынгердің рөлін атқарады.

Ол ертең аттанады (2,6).


4. Бір нәрсенің салыстырмалы түрде алғандағы деңгейі, мәртебесі.

Биік болса болғаны болашағым,

Мен аласамын.

Өмір сахнасына алған заңды билетім бар.

Заңды орныма таласамын! (1,154).

Жұмекен біздің поэзиямыздағы бүгінгі де, ертеңгі де орнына мықтап жайғасқан (4,308).


5. ауыс. Қызмет, мансап.

Қайтесің ақын болып тумағасын,

Жаныңның сезесің ғой жырламасын.

Әдебиет үйінен орын таппай,

Әр есікті әуре боп бір қағасың (2,93).