lat: OTAÝ
зат. 1. Ұлға енші беріп бөлек шығарғандағы үй; кіші үй.
Отау ел арасында, тіптен этнографиялық әдебиетте де көбіне үш-төрт қанатты, кішігірім шаңырағы болатындықтан, алты қанат ақүйдің кішірейтілген түрі деп есептеліп келген (Ө.Жәнібеков, Жолайырықта).
Қасына Былқылдақты қосып берді,
Сол күні-ақ Балқыбекке жетіп келді.
Отауын оқшау тігіп бөлек қойды,
Той қылып бір күң үшін жисын ба елді! (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).
Отауда, төсек ағаш үстінде шыт көрпеге оранып Шолпан жатыр (М.Жұмабаев, Шығ.).
Оспан үлкен баласының отауына кешке ауыл жастарын қонаққа шақырды (Ж.Мұзапаров, Қаби қарт.).
Сатан үлкен үй мен отаудың арасынан келе жатыр еді (I.Жансүгіров, Шығ.).
2. авт. Қараңғы басқан аспан.
Ақ көрпесін айқара жамылған айналаңыз жылдың басқа мезгіліндей емес, күміс нұрға шомылып, қараңғылыққа ырық бермей ұзап барып ұғысады да, түннің қап-қара отауына барып кіреді (О.Бөкеев, Ән салады шағылдар).