ОТРЯД

lat: OTRÁD

зат. 1. әск. Арнайы немесе жекеленген әскери бөлім, бөлімше.

Отрядтың карташысы Афанас Петрович Турбашев бала сықылды жылауық адам еді, беті де дәл баланың бетіндей (М.Жұмабаев, Шығ.).

Өз атын өзі ерттеп мінуге жарайтын ер-азамат, Колчакқа қарсы отрядтар құрды (З.Ақышев, Ақбел.).

Ақыры болмаған соң отряд бастығы мылтық атып, оқ тигізді (Б.Тілегенов, Аққайнар).

Осы сәтті күткен отряд мүшелері айлалы жауды тұтқынға алды (Е.Естаев, Өмір.).

2. Ортақ іске жұмылған адамдар тобы.

Жас армеецтердің батальоны, жас армеецтер отряды құрылды («Қазақст. мект».).

Класс жетекшінің пионер отрядымен жұмыс істей білу шеберлігі қажет («Қазақст. мект».).

Біз озат отряд пионері,

Озатты әрқашан сүйеді елі.

Адымдап асқарлы біз шыңдарға,

Боламыз Отанның сүйенері (Қ.Ыдырысов, Аршында.).

3. зоол. Жануарларды жүйелік топтарға бөлгенде қолданылатын таксономиялық санат.

Отряд класс пен тұқымдас арасындағы жүйелік топ. Өсімдіктерді жүйелеуде отряд деген санаттың орнына қатар деген жүйелік санат қолданылады (Қаз. тілі термин. Биология).