[лат. occupatio басып any] халықаралық құқықта бір мемлекеттің аумағын немесе жерінің бір бөлігін басқа мемлекеттің әскер күшімен уақытша басып алуы. Әскери оккупацияның тәртібі құрлықтағы соғыстың заңдары туралы 1907 жылғы 4-Гаага конвенциясында, соғыс кезінде бейбіт халықты қорғауы туралы 1949 жылғы Женева конвенциясында және басқа да келісімдерде белгіленген. Әскери оккупация уақытша болады да, басып алынған аумақтың саяси тағдырын өзгерте алмайды және басып алушылар мұндай аумақтың егемендігіне ие болмайды, басқыншы мемлекеттің заң тәртіптері басып алынған аумаққа орнатылмайды. Қазіргі халықтар құқық нормалары бір мемлекеттің басқа бір мемлекетке заңсыз басып кіруіне жол бермейді. Оккупациялық билік басып алған аумақтың азаматтарының ар-намысын, отбасылық және мүліктік құқықтарын сақтай отырып, ешқандай нәсілдік, ұлттық, діни белгілеріне немесе саяси ұстанымдарына қарай шеттетуге, алалауға жол бермей, олардың қоғамдық өмірі мен тәртібін мүмкіндігінше қалпына келтіруге тырысуға міндетті. Оккупациялық билік осы аумақтағы заңды бұлжытпай орындауға, азаматтарды өз мемлекетіне қарсы әрекеттерге мәжбүрлемеуге тиіс. Жеке өмірге қол сұғуға, аманат алуға, халықты күн көріс көзінен айыруға тыйым салынады. Оккупация тәртібін бұзу халықаралық қылмыс ретінде қаралады, ал оған жауапты тұлғалар әскери қылмыскер ретінде жауапқа тартылады. Оккуппацияланған аумақтардың халқына қатысты Халықаралық конвенциялардың негізгі ережелері халықаралық емес сипаттағы қарулы қақтығыстарға да қолданылады.