ОПЕРАЦИЯ

lat: Operasıa

1) субъекттің объективті дүниені танып білу үшін істейтін іс-әрекеті. Адам әрекеттерінің сыртқы көрінісі арқылы сол адамның ішкі көңіл күйі, психикалық жағдайы жайында баға беруге болады. XIX ғасырдың 40-жылдарында американ психологі Э.Торндайк (1874-1949) салған операционизм немесе бихевиоризм деген бағыттар пайда болды. Бұл ілім бойынша адамның бүкіл психикасы мінез-құлық реакциясына келіп тіреледі, бұл бағыттардың басты кемшілігі адам психикасын жанжақты зерттеуге мүмкіншілік бермейді. Женева психологтарының басты өкілі Ж.Пиаже ой үрдістеріндегі операция белгілі бағытталған әрекетін көрсетеді дейді. Негізгі ойлау операциялары салыстыру, анализ, синтез, абстракция және тұжырымдаудан тұрады. Осындай операциялар арқылы адамда жаңадан пікір, дүниедегі заттар мен құбылыстар жайында ұғым туады. Кез келген психикалық үрдістерді зерттеуде операцияның рөлі зор; 2) белгілі бір міндеттерді орындау бағытындағы аяқталған әрекет; 3) мекеме, кәсіпорын, т.б. міндеті мен қызметіне байланысты қайталанбалы әрекеттер. Кейбірде операция амал деген мағынаны білдіреді. О.Ж.Пиаже теориясында адамның қайтымды қасиеттері бар тәжірибелік немесе ақыл-ойлық әрекеті, яғни бұл әрекеттерді тікелей немесе қайтымды түрде, бастапқы жағдайға оралу немесе алынған нәтижелерді қайталап орындауға болады. Операция әрекеттің құрылымдық бірлігі. Күрделі іс-әрекетте жеке әрекеттер операция рөлін атқарады. Іс-әрекет мақсаты оның жалпы бағытын анықтайды. Іс-әрекеттің нақты жағдайлары жеке әрекеттерді жүзеге асырудың тәсілдерін, әрекет амалдары мен құралдарына таңдауды, яғни осылайша операциялардың сипаты мен бірізділігін анықтайды.