Консерватория — өнер ордасы. Орда сөзінің қазақ тіліндегі қазіргі мағынасы «мәдениеттің, ғылымның, искусствоның шыққан, өскен, дамыған жері, ошағы, бесігі» деген мағына. Орда сөзі көпшілік түркі тілдеріне ортақ, бір кезде олардың көшпелі тайпалары бірлестіктерінің аты және сол бірлестіктердің билеуші орталығының тұрған жері, мысалы хандардың, бектердің билік жүргізген жері болған: Ақ орда, Алтын орда т. б. Осыдан барып орда сөзінің «еңселі үлкен үй» деген мағынасы шыққан. Біздің ойымызша, орда сөзі орын (орна, орнау, орналасу) сөзімен түбірлес. Тайпа бір жерге «орналасты, орнады» дегенді Махмуд Қашғаридың заманында ordulandı beg bir yerig ordulandı деген көрінеді (МК., т. I, 296). Ал, орын сөзі мен отыру етістігінің туыстығы талас туғызбайды (салыстыр: отырғыш — орындық), проф. С. А. Аманжоловтың пікірі бойынша отыр етістігі көне олтұр//олдур түрінен л дыбысының түсіп қалуы арқылы шыққан. Ал, кейбір тілдерде, мысалы, якут тілінде т дыбысы түсіп «отыру», «отырғыш» сөздері олох, олар, олбох түрінде айтылады. Түркі тілдерінде л және р дыбыстарының алмасу заңдылығы бойынша кейбір тілдерде ол (ох) түбірі ор(ы)н болып өзгерген. (С. Аманжолов. «Отыр» мен «тұр» етістіктерінің тарихы туралы этюд». Сб. Вопр. ист. и диал. каз. яз., вып. I, 17-25). Орда сөзінің «бірдеңенің орнаған (отырған) жері» деген мағынасынан «бірдеңенің көп жиылған жері» деген мағына туған. Мысалы, ордалы жылан, ордалы ел. Қазіргі қыргыз, қарақалпақ тілдерінде ордалу (ордалы) сөзі «бала-шағасы көп» деген мағынаны білдіреді. Орда сөзінің осы «бірдеңенің кеп жиылған жері» деген мағынасынан «өскер, қол» деген мағынасы шыққан. Орда [орду] сөзінің бұл мағынасы түрік, азербайжан тілдерінде сақталған. Орда сөзі орыс тіліне ауысып «қарулы қол, шапқыншы, басқыншы әскер» деген мағынада орда түрінде жұмсалады. Дәл осы кейінгі мағынада орыс тілінен бірталай түркі тілдеріне бұл сөз соңғы уақыттарда кері ауысып отыр. (Б. С.)