lat: PARA
1 [ир.] зат. 1. Өз мүддесі үшін біреуге жасырын түрде берілетін ақы, ауызбастырық (ақша, қымбат зат).
Ханымыз болды қарадан, Биіміз болды парадан. Жоққа көзін салмайды, Дәулет біткен бар адам (Кердері Әбубәкір, Қазағым.).
Атқа толды күндіз-түн Қос алаптың бауыры. Сейіткерейді жағалап, Байлар пара ұсынды. Алтын, күміс, жиһазды Топ-тобымен түсірді (О.Шипин, Дастан.).
Іліп салып езілтіп, Дау түйінін шешпеген;Параны жұтқан кесектен, Түспей жатып төсектен (Дулат Бабатайұлы, Замана.).
2. заң.Белгілі бір мәселе тиімді шешілу үшін лауазымды адамға берілген ақша, бағалы қағаз, басқа да мүлік немесе мүліктік құқық.
ҚР Қылмыстық заңы бойынша пара алу, беру және парақорлыққа делдал болу (ҚР Қылмыстық кодексінің 311, 312, 313-баптары) мемлекеттік қызмет мүддесіне қарсы қылмыстар қатарына жатады. Лауазымды адамның қорқытуымен пара берген немесе өз еркімен құқық қорғау органына хабарлаған пара беруші қылмыстық жауапкершіліктен босатылады (ҚҰЭ).