(грек, pleonasmos – артық, керексіз) – керексіз, орынсыз, басы артық сөз. Мағыналық жағынан сәйкесіп, үйлесіп тіркескен, алайда логикалық тұрғыдан қисынсыз, шұбарлық тудыратын сөз орамы. Плеоназм – көпсөзділік, сөйлем жүйесіндегі кінаратты құбылыс. Мысалы: «ессіз ақымақ», «тұтас та толық», «айқын да анық». Кей ретте плеоназм шет сөздердің мән-мағынасын түсінбегендіктен туады. Мысалы: «бос вакансия». Плеоназм кей жағдайда мағыналық әрі дыбыстық жағынан ұқсас, біртектес сөздерді үйме-жүйме, шамадан, мөлшерден тыс жөнсіз қайталаудан туады. Плеоназмның тек-тамыры байырғы халық ауыз әдебиетінде жатыр. Халықтың осынау рухани-мәдени ескерткіштерінде өрнектілік, мәнерлілік, көркемдік-эстетикалық қызмет атқарады. Негимов С.