ПОЭМА

lat: POEMA

(грек. poiema туынды, шығарма деген мағынада)оқиғаны өлеңмен баяндап айтатын, кейде жыр-толғау түрінде келетін көлемді шығарма. Сюжетті оқиға желісін ширақ өрістетіп, кейіпкерлердің іс-әрекетін бейнелеуге негізделеді, ал сюжстсіз поэмада лирикалық сарын басым болады, көлемі жағынан шағындау келеді. Поэманың алғашқы нұсқалары деп ауыз әдебиетіндегі уақиғалы жырларды айтуға болады. Олардың баяндау тәсілі, кейіпкерлер бейпесін суреттеу өзгешелігі де ауыз әдебиеті дәстүрлерімен тығыз байланысты. Кейде ежелгі және орта ғасырдың эпикалық поэзиясына жататын «Илиаданы», «Одиссеяны», «Энеиданы», «Нибелунг туралы жырды» поэмаға жатқызады. Алайда олардың халықтың эпостық нұсқалар екенін ескеру қажет. Сондай-ақ қазақтың халықтық эпосының үлгілері батырлық жырлары, ғашықтық жырлар («Қобыланды», «Ер Сайын», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Қозы көрпеш Баян сулу») өзіндік ерекшелігі бар әдеби құбылыс екені айқын. Лиро-эпикалық жанрдың бұл түpi әдебиеттің даму процесінде талай сатыдан өтіп, өзгеріп, өрістеп келе жатыр. Қазақ әдебиетінде XIX ғасырдың аяқ кезінен бастап кең тараған, көбінесе шығыс әдебиетінің сюжеттеріне негізделген дастандар да поэма жанрының бір түріне жатады. Еуропа әдебиетінде, сондайақ орыс әдебиетінде поэманың дамуы романтизм дәуірімен байланысты болды. Поэмадағы Субъективті-лирикалық сарынның, жарқын жаңа кейіпкерлер бейнесінің қалыптасуы осы романтизмге орай шықты. Мұны Байрон, Шелли, Мицкевич, Пушкин, Лермонтов поэмаларынан айқын аңғарамыз. Романтикалық поэмадағы қаһарманның тағдыры ерекшелеу болып, бір жағынан автордың рухани өмірімен өзектесе келеді. Романтикалық поэманың осындай өзгешелігі кейін сәл өзгеріске ұшырап, реалистік лироэпикалық поэзияға ауысты. Поэмадағы сюжет қысқа, ықшам болып, кейде лирикалық қаһарманның көңіл-күйімен астасып жатады. Мысалы, А. Т. Твардовскийдің «Бір қиырдан бір қиыр» поэмасында сондай тәсіл бар. Қазіргі заман поэмасында бір қаһарман тағдырымен байланысты болып келе бермейді, кең түріндегі баяндау тәсілі қолданылып, өмір шындығы жанжақты қамтылады. Пабло Неруда, Владимир Луговский поэзиясы соған дәлел. Стильге, ағымға, әдіске сәйкес поэманың өзіндік ерекшеліктері болады. Қазақ әдебиетінде поэма әбден қалыптасып, жан-жақты дамыған жанр. Абайдың Шығыс тақырыбынан алып жырлаған белгілі поэмалары, Шәкәрімнің «Ләйлі Мәжнүн», «Қалқаман Мамыр», Сәкеннің «Көкшетау », Ілиястың «Күйші», Мағжанның «Батыр Баян» атты поэмалары қазақ поэзиясының көшбасында тұрған сүбелі туындылар. Күмісбаев Ө.