Пішін

lat: Pishin

з а т. 1. Заттың сыртқы түрі, тұлғасы, формасы.

Сыншылар қай түлікті болсын әртүрлі сыртқы пішініне қарай, жақсы-жаман жағын бірден айыра білетін (Х.Арғынбаев, Қаз. этногр.).

Салмақпен басқан қара топыр шабуылсыз, айғай-дырдусыз келе жатса да, ен даланы қаптап алған көптігімен түйілген қас, тұтасқан ашу, жұмылған қарсылық пішіні сияқтанды (М.Әуезов, Шығ.).

2. Кескінкейіп, келбет, тұр, қалып. Бәрі қарулы, көбінің қолында сойыл, не шоқпар, кейбірінде бақан-ау деймін, келдек, біреулері тымағының екі құлағын жымырып бауын байлап алыпты; біреулер басын орамалмен тартып қойыпты, кейбір жігіт күресетін кісіше жеңін беліне байлап, оң қолын сыбанып алыпты, бәрінің де пішіні құнтиыңқы, тақымдары қысыңқы, жаңа жәнелген жауды түсіретін кісіше бәрі де қутың-қутың етеді (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Сәлем беріп, сәл ғана ұялыңқыраған пішін көрсетіп, өте бір сыпайы кішіпейілділікпен кешірім сұрады (Қаныш аға).

Тілмаш та келісімен, ұлығының пішініндей ызғарлы пішінмен, жаңағы сөзді аударып жатты (М.Әуезов, Шығ.).

3. г е о г р.Жергілікті жер бедерінің тік кесіндісінің графикалық бейнесі. Жергілікті жердің пішінін құру топографиялық карталар көмегімен жүзеге асырылады (ҚҰЭ).