Плацента

lat: Plasenta

1) балалық орын, кейбір омыртқасыздарда жəне көптеген хордалыларда, барлық сүтқоректілерде іштей даму кезеңінде аналық организм мен ұрық арасында байланысты орнататын мүше. Омыртқалыларда плацента арқылы оттегін, сонымен қатар аналық қанға тұнба өнімдерін жəне көміртегінің екітотығын бөле отырып, сол қаннан қоректі заттарды алып отырады. Плацента ұрыққа түсетін заттарды белсенді түрде реттей отырып барьерлік қызметті атқарады. Онда гормондар (хорионды гонадотропин жəне соматомаммотропин, релаксин жəне т.б.), ацетилхолин жəне ана организміне əсер ететін заттар синтезделеді. Сүтқоректілерде плацента хорионның жатыр қабырғасымен қосылуда байқалады. Ұрықтың алғашқы даму барысында хорионның барлық үстіңгі бетінде өсінділер алғашқы, сосын жатырдың төменгі шырышты қабатына енетін екіншілік кірпікшелер пайда болады. Екіншілік кірпікшелер сары қапшықтың немесе аллантоистың қан тамырларына өседі. Осыған байланысты плацентаның сары уыздық жəне аллантоидты түрін ажыратамыз. Сары уыздық плацента кейбір тірі туатын балықтарда (акула), қосмекенділерде жəне бауырымен жорғалаушыларда, сонымен бірге көптеген қалталыларда түзіледі. Кірпікшелердің хорионында жəне сүтқоректілердің жатырының шырышты қабатындағы крипталарда орналасуына байланысты плацента құрылысының бірнеше түрін ажыратамыз. Кейбір қалталыларда, шошқаларда, тапирлерде, киттəрізділерде, түйелерде, жылқыларда, бегемоттарда, лемурларда, көптеген күйіс қайтаратындарда плацента ажырамайтын деп аталады, туу барысында хорион кірпікшелері оған зақым келтірмей жатырдың шырышты қабатынан шығады. Барлық жыртқыштарда, кеміргіштерде, кейбір жəндік қоректілерде, жарқанаттарда жəне приматтарда туу барысында плацентаны күшпен алу жатырдың шырышты қабатымен түсіп қалумен жəне қан ағумен бірге жүреді, сондықтан оны түсіп қалушы деп атайды. Плацента ұлпасының құрылысы ұрықтың даму сатыларына байланысты.