Плеоназм

lat: Pleonazm

мағынасы бір-біріне жуық, бірінің орнына бірі жұмсала беретін лексикалық бірліктерді қабаттастыра қолдану. Қатар қолданылу нәтижесінде бір мағынаны білдіріп, қалыптасып кеткен плеонастикалық сөз тіркестерінің үнемі айтыла беріп, бір сөз есебінде қолданылып кететін кезі де болады. Мысалы, зәулім биік үй, кең байтақ ел, айдын шалқар көл, қырмызы қызыл жібек, заңғар биік тау, жайдары жарқын мінез, орасан зор жұмыс, құр бекер жүріс, кәрі шал, суық аяз, кіршіксіз таза махаббат т.б. Синонимдерді мұндай тәсілмен жұптап қолдану көркем әдебиет стилінде жиі қолданылады. Мәселен, «байтақ жер» деген тіркестен гөрі «ұлан байтақ жер» деген тіркестің экспрессивтілік қуаты басым. Сол сияқты «ғажайып оқиға» дегеннен «таңғажайып оқиға» деген тіркестің мәні басымырақ түседі. Плеоназм көбіне көркем әдебиет стилінде қолданылады. Риторикада плеоназмды қолдану норма ғана емес, ойдың бояуын айқындап, бір ойдан екінші ойға ауысу барысындағы таптырмайтын тәсіл болып саналады. Стильдің басқа түрлерінде плеоназмдарды қолдану нормадан ауытқу болып табылады. Бұл жерде плеоназм сөзді ретсіз қолдану болып саналып, сөйлем ішіндегі сөздердің қолданылу тәртібін немесе тақырыпты, синонимдік қатарды, сөздердің өзара үйлесімін бұзған болып есептеледі.