көркем әдебиеттің ертеден қалыптасқан үлкен бір саласы, өлең, жыр түрінде шығарылған әдеби шығармалар. Поэзия деген ұғым қазіргі кезде өлеңмен жазылған шығармаларды көркем прозадан, қара сөзбен жазылған әдеби шығармалардан ажырату үшін қолданылады. Бұған қарағанда поэзия мен прозаның шегі, айырмасы тек сырт белгісіне қарап анықталатын секілді көрінеді. Ал асылында поэзия мен көркем прозаның сапасында, ішкі сипатында өзіндік ерекшелік бар екені ешбір талассыз. Тұтас алып қарағанда поэзиялық шығармаға сезім-әсер байлығы ерекше тән болады да, ал прозалық шығармаларда баяндау, бейнелеу жағы басымырақ келеді. Оның үстінде поэзияның көркемдік формасындағы ерекшеліктер де жай ғана ұсақ сыртқы белгілер емес. Поэзияның көркемдік сипатында, бейнелеу құралдарын қолдану тәсілдерінде, сөздің, тілдің ырғақтың, интонациялық байлығын пайдалануда көптеген елеулі өзгешеліктері бар. Поэзиялық шығармаларға, өлеңжырларға, дастанпоэмаларға айрықша тән қасиет –өмір құбылыстарын терең эмоцианалдық, сезімталдықпен қабылдап, соған сәйкес әсерлі, тартымды көркем етіп бейнелеу. Алайда поэзияда адамның ой-сезімі әдейі сырттай көркемделіп, сұлулап айтылады деу ағаттық болар еді. Көркемділік, бейнелілік әдебиеттегі, өнердің басқа салаларындағы ойлау жүйесіне, сезім дүниесіне тән өзгешелік. Көркемдік ойлау дегеніміз осы. Ой-сезімнің бейнелілігі шығарманың көркемдік түріндегі (формасындағы) әр алуан өзгешеліктердің тууына негіз болады. Поэзия деген ұғым тарихи жағынан алғанда ерте қалыптасқан. Өйткені қай халықтың әдебиетін алсақ та, поэзия ерте заманнан бастап дамып-өркендеген. Халық әдебиетінде ертегі-аңыздар да қара сөз түрінде туғанмен поэзиямен жалғасжақын болды. Ал көркем проза кейін қалыптасып, дамыды. Поэзия деген ұғым ақындық өнерге тән сипат-ерекшеліктерді кең көлемде тұтас алып қарастыру тұрғысынан құнды. Мысалы, Пушкин поэзиясы, Абай поэзиясы деген ұғымдар өте мол, бай әдебиеттік құбылысты таныта алады. Аталған ақындардың саналуан поэзиялық шығармаларындағы тұтастық сипат-белгілерді жүйелі түрде танып-білуге негіз бола алады. Сөйтіп, көркем әдебиетті поэзия мен көркем прозаға бөліп жіктеудің өзіндік орны, мәні бар. Сонымен қатар әдебиеттану ғылымында әдеби шығармаларды өмір құбылыстарын бейнелеу әдісіне, көркемдік тәсілдеріне қарай саралап, әр түрлі жанрларға бөлу көбірек орын алғанын атап айту қажет. Осы тұрғыдан әдеби шығармалар үш үлкен салаға бөлініп, лирикалық жанр, эпикалық жанр, драмалық жанр болып жіктеледі де, одан әрі лириканың жанрлық түрлері, мысалы, саяси-әлеуметтік лирика, көңіл күйі лирикасы, эпостың жанрға жататын роман, повесть, әңгіме тағы сондай түрлер, драмалық жанрдың трагедия, комедия, драма сияқты түрлері ажыратылады. Бұл аталған нұсқалар да бірнеше түрге бөлініп жіктеледі. (Айталық, тарихи роман, саяси-әлеуметтік роман, публицистикалық роман т.б.). Қазақ әдебиеті Қазан төнкерісіне дейін негізінен поэзия түрінде дамып, өркендеді. Сондықтан халық поэзиясы деген ұғым мен ауыз әдебиеті деген ұғым бір-біріне өте жақын, халық поэзиясы әр түрлі жанрларды қамтиды: өлең, жырлар, халық эпосы, яғни, эпостың жырлар, дастан, поэмалар. Қазақ әдебиетінде аттары белгілі ақындардың творчествосы үлкен орын алады, ақындық поэзиянын бірнеше ғасырлық тарихы бар. Орыс әдебиетінде, әдебиеттану ғылымында өткен ғасырда поэзия деген ұғым жалпы көркем әдебиет деген мағнада да қолданылды. (Белинский, Чернышевский, Добролюбов). Поэзия тарихи-әдеби процестің дамуына ордай өркендеп-өсіп, жаңа сипат-қасиеттермен толығып отырады. Қазақ поэзиясында Абайдан кейінгі дәуірде Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Ахмет Байтұрсынов, Дулатов, Мағжан, Сәкен, Ілияс поэзиясы сөз өнерін жаңа идеялық мазмұнымен де, көркемдік бояу-нақыштармен де байыта түсті. Қазақ поэзиясында кеңестік дәуірде саяси лириканың, азаматтың лириканың кептеген жаңа түрлері қалыптасты, публицистикалық поэма секілді жанрлық түрлер кеңінен орын алды. Ахметов З.