ҚИЯН

lat: Qıan

з а т. Алыс, шалғай жер; жер түбі. Елбең-елбең жүгірген, Ебелек отқа семірген, Екі семіз қолға алып, Ерлер жортып күн көрген, Еділ деген қ и я н ғ а, Еңкейіп келдің тар жерге (Асан қайғы, Жыр.). Атырап кең ашылып, көкшіл мұнар ішінде жыраққа, алыс-алыс қ и я н ғ а кетіп жатады (М.Әуезов, Индия очерк.). Солар Жапонияның мұхиттың ар жағында жатқан қ и я н д а ғ ы бір ел екенін біліп отыр дейсің бе? (Қ.Жұмаділов, Соңғы көш). // Алыс, шалғай, қиыр, жырақ. Аппақ қар жамылған мидай жазық, жолаушылар атты ілбіте басқызып қ и я н түкпірге озады (Д.Досжанов, Табалдырығыңа.). Омар үйіне жаяу келген, жол бойы екеуінің әлгі диалогы есінен кетпеді, белгісіз бір себеппен көңілі алабұртып, қ и я н биіктен секіретін адамдай елегізе, еліре берді (Ә.Тарази, Тас жарған). Кеудемде бір күй бар оянған. Сол күй қ и я н шалғай алысқа шақырып, еліктіріп жетелеп барады (С.Шаймерденов, Қарғаш).