ҚАЙЫН ЕНЕ

lat: QAIYN ENE

неке-отбасылық қатынаста әйелдің күйеуінің анасына және күйеудің әйелінің анасына қатысты айтылатын туыстық атау. Қайын атаның беделі қандай болса, қайын ененің де рөлі соншалықты болған. Қалыптасқан әдет бойынша, келін ешуақытта қайын енесінің атын атамай апа немесе ене деген. Қайын ене жаңа түскен келінді үйдің тұрмыс-тіршілігінің қыр-сырымен таныстырып, жаңа ортаның өзіндік қағидасына бейімдеп тәрбиеледі. Осыған байланысты халық арасында келін қайын ененің топырағынан жаралған деген мақал қалыптасты. Күйеудің де қайын енеге деген ізеті құдалықтан бастау алып, қайын енесіне қызын тәрбиелеп өсіргені үшін арнайы сыйлық сүтақы беруден басталды. Күйеу қайын енесіне өз анасындай құрмет көрсеткен.