ҚАЛ

lat: QAL

адамның терісінде дүниеге келген сәттен бастап көрінетін дақ. Оның түсі көбінесе қоңыр, көлемі мен саны әртүрлі болып келеді. Қазақы ортада осындай қалмен өмірге келген сәбиді ерекше санап, оның есімін де қалға байланыстырып қойған. Мысалы, ұл болса Қалыбай, Қалдыбай, қыз болса Қалықыз, Қалдықыз және т.б. Мұның артында халқымыздың дүние есігін жаңа ашқан сәбиге есім таңдауда үлкен мән беретін жағдайды да қосу керек. Осыған орай, жоғарыдағы есімдерді атауға екі түрлі мән берілген. Біріншісі, қалмен туған адамның өскенде баласы көп болады деп есептеген және ондай балаға жастайынан әке-шешесі мен ағайын-туыстары тарапынан ерекше мән беріп, аялап, әлпештеп өсіреді. Сондай-ақ, көзінде қалы бар адам көз тигіш келеді деп саналған. Бірақ, осындай адам ауырған көзге үрлесе жазылып кетеді екен деседі.