ҚАЛПАҚ

lat: QALPAQ

киізден жасалған ерлердің бас киімі. Оны көбінесе жұқа ақ киізден басады. Қалпақ киізін басу үшін ақ қозының күзем жүнін жуып, шайыры мен қылшықтарынан тазартады. Таза жүнді шидің үстіне жаймалап, оны ширатып пісіреді де, сумен шайып, кептіреді. Кепкен жүнді бір қалпақтың көлеміндей етіп басып шығады. Басылған киізді төрт сай етіп пішіп, біріктіреді. Сайлары қосылған тігістің үстінен жіп бастырып, кейде қатар тігістер жүргізеді. Қалпақтың төбесін шошақтау етіп, ұшына шашақ тағады. Іші астарланып, қайырмасы қара, қызыл барқыт, шибарқыт, пүлішпен әдіптеліп отырған. Кейде зер жіптермен түрлі ою-өрнектер салған. Қалпақтың бізге мәлім екі түрі бар айыр қалпақ, ақ қалпақ. Қалпақ етегінің қайырма жырығы барын айыр қалпақ, ал доғалын ақ қалпақ деп атаған.