күйеу әкесінің қалыңдық үшін қыз әкесіне беретін малы. Қалыңмал, яғни қалыңдық үшін берілетін мал, байырғы қазақ тұрмыс-салтында бірнеше кезеңнен тұратын құдаласу үрдісінің алғашқы және аса маңызды актісі болып саналады. Қалыңмалды ықшамдап қалың деп те атаған. Құдаласудан бұрын әуелде жігіт әкесінің сенім білдірген адамдары – жаушылары қыз әкесінен қарсы емес екені, қалыңмалдың мөлшері мен құда түсетін уақыт жөнінде хабар алып келеді. Құдалыққа дәнекер болғаны үшін жаушыға «құдаластық шегедей мықты болсын» деп шеге шапан жабады. Қыз әкесінің мақұлдаған ойын білгеннен кейін, оның аулына құда түсушілер келеді. Алдымен, бірінші кезеңде қалыңмалдың мөлшері, бөлігі, берілетін уақыты нақтыланып анықталады. Құқықтық жақтан бұл кезең аса жауапты болып есептеледі.