ҚАПСЫРМА

lat: QAPSYRMA

әйел киімінің алдыңғы екі өңірін және белбеудің екі басын өзара қаусырып, ілуге арналған әшекей бұйым. Халық арасындағы оны қаптырма, кейде қаусырма деп те атай береді . Жалпы, қапсырма атқаратын қызметіне қарай қаусыру сөзінен туындаса керек. Себебі, қапсырма көбінесе камзол, шапан, кеудешенің алдын қапсырып киюге пайдаланылады. Негізінен қапсырма екі бөліктен тұрады. Бірі қапсырма, екіншісі қаптырма деп аталады. Бөліктердің беті тұтас болып бітеді, өзара ілгек арқылы бекітіледі. Қапсырмалар жасалатын материалына қарай: алтын қапсырма (алтынмен апталған қапсырма), күміс қапсырма (таза күмістен соғып, ою-өрнек жүргізілген қапсырма), ақық көзді қапсырма (қапсырманың ақық қондырып безендірген түрі), шытыралы қапсырма (кішкентай шытыра қондырылған қапсырма) т.б. деп аталады.