аң аулауға арналған, темірден жасалатын аңшылық құралы. Қақпанның көбінесе бір немесе екі құлақты ортасында шүріппеге бекітілген жалпақ тілі болады. Ортасындағы шүріппесі арқылы жабылады. Қазақ аңшылары оның бала қақпан, тісті қақпан сияқты түрлерін пайдаланған. Ұстайтын аңына қарай қасқыр қақпан, түлкі қақпан деп те аталады. Бала қақпан немесе қолқақпан, қарсақ, түлкі, суыр, қоян т.б. ұсақ аңдарды ұстауға, ал тісті қақпан аю, сілеусін, қабылан аулау үшін құрылады. Қасқыр аулауға арналаған қасқыр қақпан, ал жолбарыс аулауға арналған нар шынжырлы, серпері (шаппасы) екі елідей қалың қақпанды жолбарыс қақпан дейді. Аюға құрылатын қақпан шомбал болып келеді. Иісшіл аң темір иісін сезбес үшін, қақпан алдын-ала түрлі шөптермен бірге қайнатылуы мүмкін дейді. Қазақ ұсталары қақпанды темірден соғып, оны серперін малдың, қойдың салқын құйрық майына суарып, шынықтырып алатын болған. Майға суарудың мәнісі – қақпанның серіперінің серпіні мықты болады. Жыртқыш аңдар аса иісшіл болады. Сондықтан темірдің иісін кетіру үшін жаңа соқылған қақпанды шамалы уақыт сойылған қойдың терісіне орап тастайды немесе көңнің арасына салып қояды.