lat: QARASAN
сиыр түлігінде сирек кездесетін жұқпалы індет. Санда алақандай үлкен томпақ ісік пайда болады. Ұстап көргенде бітеу ісік ыстық, әрі сыртылдаған дауыс шығады. Індет жіті, екі аптайдай созылады. ҚР Орталық мұрағат қорындағы деректердің бірінде қарасан туралы мынадай мәлімет хатталған: « қырғыздардың (қазақтар – ред.) айтуынша өлген сиырдың сан еті қарайып өлеттенеді, асқынған болса бұлшық еттері тарғылданып кетеді. Бірнеше күнге ғана жалғасатын оның дауасы жоқтың қасы ». Пайда болу себебі белгісіз, бірақ зілді, әрі жұқпалы мұндай індетті киелі деген түсінікпен оның атын тура атамай, тұспалдап айтқан. Қарасанның ондай баламасы сиыр ауру өршіген санын сипалақтап баса алмай қалады. Осыған байланысты сыпар, сыйпар және ұшаяқ деген атаулары қатар қолданылады. Кәнігі емшілер қарасан кесірінен сан тұсында пайда болған ісік түйіндерін ыстық бізбен пісіп емдеген.