алым. 1868 жылы патша үкіметі қабылдаған «Уақытша ережеде» қазақтың ел билеушілеріне «игілікті істерді жүргізу үшін», халықтан жанама алым жинауға ерік берді. Осы желеуді пайдаланып, әкімдер халықтан зорлықпен қосымша алым жинады. Бұл заңсыз істі халық «қарадай шығынға ұшырату» деп, оны «қарашығын» атады. «Болыстың сойысына, қонағасы, мініс-берісіне» деп, ел басына үлестіріп салынатын салық. Өзінің есебі де, шегі де жоқ. Халықты жебей сауып, ұлық атаулы алатын жем-пара осы» («Абай аға»). «Бірде-бір бай үйлерге титтей де соққан леп жоқ. Ал қарағұрым лашық атаулыға даланың дауылындай түйіліп тұр. Қайда койшы, сауыншы, күзетші, жылқышы, кем-кетік, жоқ-жітік болса, солардың басына ғана арналған апат» деп, автор бар ауыртпалықтың қарапайым халықтың басына түскелі тұрғанын жазған. «Абай түні бойы өзі араласып отырып, бар кедейден қ а р а ш ы ғ ы н д ы алғызып тастап, өңшең ауқатты шаңырақтарға салғызды. Кедей атаулының көп малы өзіне қайтты. Бірақ осы іске амалсыз көнген ұлықтар сол күні Абай кетісімен, оның үстінен мол протокол жасап, қалаға шағым әкетті» («Қарашығын»). «ҚАРҒА» - халық әні. Бізге Әміре Қашаубаевтың айтуы бойынша жеткен. «Керімбала да Біржаннан өзі сүйіп ұққан әнін айтты. Ол да Тобықты ішіне Біржан әкеп үйреткен бұрынғы бір ән. Біржандай көп әнші, ақынның айтуынан өтіп, сырланып жеткен, атсыз бір әнші шығарған — «Қарға»: Қарғам-ау, сен қалайсың мен дегенде,
Құриды ынтызарым сен дегенде.
Алыстан арып-ашып келгенімде,
Бал татыр сілекейің шөлдегенде, -
деп сөзі кетті. Бүгінгі әнші, өнерлі жастардың біріне-бірі көрсетіп құрмет, ғиззат, сый-сұхбат арасындағы нәзік жарастық күйі болды. Біржан мен Абай үлкен ілтипатпен тыңдасып еді» («Жайлауда»).