асқабақ тұқымдасына жататын бір жылдық бақша өсімдігі. Тамыры тармақталып өседі, ақсары гүлі бар. Жапырақтары ірілеу келген қауынға ұқсас жайылып, төселіп өседі . Сыртқы түрі дөңгелек келген, кейде сопақтау түрлері де кездеседі. Қарбыз жазы ұзақ әрі ыстық өңірлерде өсіріледі. Оның түрі мен дәміне байланысты ақала қарбыз, қара қарбыз, қара ала қарбыз сынды атаулары бар. Дәстүрлі ортада қарбызды жеңсік ас ретінде тұтынады. Оның емдік қасиеттері де жетерлік. Қарбызды көбінесе бүйректегі құм мен тасты айдауда, қуық қабынғанда, іштегі ыстықты басуда қолданады. Жапырағын ашық жаралардың қанын тоқтату үшін пайдаланады. Сонымен қатар оның сабақ тамырлары асқазан мен ішек қабынулары кезінде өте пайдалы. Қазақы ортада «қарбыз-қауын – 2-3 ай сауын» деп, қауын мен қарбызды ыстықтан болатын аурулардың барлығына дерлік емдік үшін тұтынған.