ҚАСҚЫР

lat: QASQYR

итке ұқсас жыртқыш түз аңы. Далалы аймақтарда, орманды жерлерде, таулы өңірлерде де мекендейді. Топтасып, үйірімен тіршілік етеді. Негізінен етпен қоректенеді. Қасқырдың еркегін арлан, ұрғашысын қасқырдың қаншығы деп атайды. Күшіктерін бөлтірік дейді. Шағын топтарын көкжал, абадан басқарады . Олар қыстың қақаған аязында қаңтар айының аяғы мен ақпанның басында ұйығады. Ұйыққанда топтасқан қасқырлар өте қауіпті болады, кездескен адамға да жануарға да тарпа бас салады. Ұйыққаннан кейін 60 немесе 70 күн шамасында қаншығы күшіктеп 4-6 күшік табады. Қасқыр апанын адам көп бара бермейтін жерлерге салады.                                                                                                                                     Дәстүрлі ортада қасқыр бөрі деп аталып, тотем болып аңыздарға арқау болған. Бөрі қасқырдың эвфемистік атауы. Бұл көк тәңіріне табынған түркі халықтарының барлығында дерлік кездеседі. Өйткені түркі халықтары өздерін Көк бөрінің ұрпағы санаған. Аңыздардың барлығының дерлік мазмұны қасқырдың адамға қамқор болғандығын көрсетеді. Үйсін тайпасы мен қасқырдың арасындағы қатынасты баяндайтын аңыз қытай жазбаларында сақталған. Сондай-ақ, қазақ фольклорында, әсіресе қазақтың ертегілерінде басқа хайуандарға қарағанда қасқыр көбірек кездесіп, жан-жақты сипатталады. Ертектерде қасқырды көбінесе жауыздық пен қатыгездіктің образы ретінде береді. Ал кейбір ертегілерде қасқырды ақымақ, ашқарақ етіп көрсетеді. Түлкіге алданып, құйрығын мұзға қатырады, сөйтіп өзінің көтеншегін суыртып өледі. Сонымен қатар, ешкі, қой, жылқы сынды жануарлардан алданатын аңқау болып келеді.