ҚАЗ

lat: QAZ

ет. 1. Жерді бір нәрсемен ою, қопару; шұқырлау. ама, дәл осы жер, деп қолымен әлгі ағаштың түбін қ а з а бастады (Қ.Қайсенов, Жау тылы.). Сүлештің ротасы осы жерде окоп қ а з ы п, бекінуге бұйрық алған-ды (Р.Хайруллин, Офицер.). Жарайсың жігітім! Бұл сенің жалғыз өзің қ а з ғ а н алғашқы шұңқыр ғой (Н.Баяндин, Ертіс.). 2. Түлкі, суыр, қоян, тышқан тәрізді аңдардың ін жасау үшін жерді алдыңғы аяғымен тырмалап үңгуі, қуыстауы. Егеуқұйрық інді жардан түзу және жоғары қарай қ а з а д ы екен (С.Мұқанов, Шығ. жин.). Кілең қаракөк қоян там үйдің іргесін іш жағынан үңгіп, ін қ а з ы п алған (Б.Соқпақбаев, Бастан кеш.). Суырдың қ а зғ а н інінің Аузынна шығып қалыпты. Қап-қара тас па әлде не? Жас қойшы қолға алыпты (Қ.Мұқышев, Поэм.). 3. Жерасты байлығын алу, өндіру. Он шақты адамның бірі көмірді қ а з ы п, бірі күреп, бірі тіреу қойып, әп-сәтте тар забойды талқандай ала жөнелді (Ә.Әбішев, Замана.). Еңбегіңе мақтанам, шахтер ағам, жақсы ағам. Көмір қ а з ы п, кен қ а з ы п, Ел сенімін ақтаған (Ә.Дүйсенбиев, Көңілді.). Осыны ойлап қарт Иван, Сілтейді құлаш кең жазып. Жатқандай құмның қойнынан, Бұрқыратып кен қ а з ы п (С.Мәуленов, Жолдас). 4. ауыс. Арғы-бергіні, өткен-кеткенді тәптіштеп айту, қазбалау. Арғы түбін қ а з с а ң, моңғол Шыңғыс ханның ұрпағысың, ендеше, меніменен қандассың (С.Мұқанов, Аққан жұлдыз). Не де болса, осы орынсыз өкпенің түпкі тамырын бұл арада қ а з ба й-а қ қояйын (С.Омаров, Өмір.). Ашу, араз, өкпе де жоқ Кінәлассақ тазамыз. Аз-кем нәрсе болды себеп, Оның несін қ а з а м ы з (Б.Майлин, Шығ.). Көпшілік бірін-бірі күндемеді, Қыз сөзін оғаш көріп міндемеді. Қыз одан қанша қ а з ы п сұраса да, Етікші енді қайтып үндемеді (Ж.Жолдинов, Ойлар).