әзіл-қалжыңы жарасқан, көңілжетер, сыйлас, жасы қарайлас адамдардың бірінің үйіне бірі барып, дастарқан басында бас қосып, қысқа кешті көңіл көтеру отырысымен өткізуі. Қазан шегелеу ғұрпы негізінен қара күздің аяғы, қыстың бастапқы айларында өтеді. Олай болатыны шаруашылықтағы күзгі қарбалас өтіп, қыстың алғашқы айында малшы, егінші қауымның бір сәт қолы босай бастайды. Қыстың қараңғы кеші ұзақ болып, мал-жанын ерте қоралайды. Осыдан кейін өзара хабарласып, белгілі бір үйдің қазанын шегелеуге барады. Қазандарыңды шегелеуге келдік – дейді. Үй иесі де қонақжайлылықпен «Қош келдіңіздер, қазан шегелейтін шебер іздестіріп отыр едік», - деп ауыл-үй қонақтарын қарсы алады. Қызықты әңгіме-дүкен құрылып, ән айтылып, домбыра шертіледі. Сөйтіп, қыстың ұзақ кешінің бір бөлігі көңіл көтерумен өткізіледі. Отырыс аяқталарда «пәленшенің үйіндегі қазанды тексеру керек» деп, келесі «кезек» кімдікі екенін айтып, құлаққағыс жасайды. Шын мәнінде, қазан шегелеу ғұрпын жасы қарайлас, сыйлас адамдардың арасындағы қарым қатынастың жарасымдылығының «шегеленуі» деуге болады. Бұл – қазақы ортадағы әлеуметтік байланыстың тағы бір этникалық мәнді қыры.