1917 ж. Ақпан төңкерісінен кейін Қазақстанның облыстары мен уездерінде құрылған ұлттық ұйымдар. Қазақ халқының мүддесін қорғап, жергілікті билікті өз қолдарына алу мақсатын көздеді. Уақытша үкімет комиссарларына сүйене отырып, олар ұлттық кемсітушілікті жоюға атсалысты. Қазақ азаматтық комитеттерінің мүшелері негізінен жергілікті ұлт зиялыларынан және ауқатты адамдардың арасынан сайланды. 1917 жылдың соңында Қазақстанда кеңес өкіметі орнай бастағаннан кейін, кейбір облыстарда (Торғай, Ақмола) кеңестермен қатар өмір сүрді. Семей облысының кейбір уездерінде билікті өз қолдарына алды. 1918 жылдың жазына қарай Қазақ азаматтық комитеттері тарап кетті.