Түркістан мен Қазақстанды әкімшілік жағынан басқару жөніндегі реформаларды жасап, бекіткен комиссия. Патша үкіметі өз билігін нығайту мақсатымен жаңа ереженің жобасын жасауға Ішкі істер министрлігінің, Соғыс министрлігінің және жергілікті генерал-губернаторлығы өкілдерінен арнаулы комиссия құрды. Комиссия жинаған мәліметтер негізінде далалық облыстарды басқару жөніндегі реформаның жобасы жасалып, Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлығының қарауына берілді. 1864 ж. реформаның жобасы жасалып жатқан кезде Ш.Уәлиханов «Сібір үкімет орындарына қарайтын қазақтардағы сот реформасы туралы жазба» деген еңбегінде қазақ арасындағы сот тәртібі мәселелері жөнінде пікір айтқан. Жобаны талқылауға орыстың қоғам қайраткері, тарихшы А.И. Левшин де қатысқан. 1867 ж. наурызда реформа жобасын түпкілікті жасау үшін соғыс министрі Д.А. Милютин басқарған ерекше комитет құрылды. Бұл комитет жобаның негізінде 1867 ж. шілдеде «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару жөніндегі уақытша ереже» жариялап, бұл облыстарды жаңадан құрылған Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына берді. 1868 ж. 21 қазанында «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының далалық облыстарын басқару жөніндегі уақытша ереже» бекітілді.