Қазақстан Республикасы азаматтарының қауымы, халықтың егемендік пен құрылтайшы биліктің иесі. Қазақстанның көпұлтты халқы деген ұғым ел аумағын жай ғана мекен ететін жұрт деген түсінікпен шектелмейді. Қазақстан халқы – Қазақстан Республикасы Конституциясында жарияланғандай, ортақ тарихи тағдыр біріктірген, байырғы қазақ жерінде мемлекеттiлiк құрған, өздерін бейбітшіл азаматтық қауымдастық деп ұғынатын, еркіндік, теңдік пен татулық мұраттарына берілген, əлемдік қоғамдастықта лайықты орын алуды қалайтын, қазіргі жəне болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілікті сезінетін қауымдастық. Барша қазақстандық таныған бұл асқақ мұраттар, үміттер мен ниеттер Қазақстан азаматтарының қауымын бірте-бірте көпұлтты жəне көпконфессионалды қауымға Біртұтас Ұлтқа топтастырып келеді. Қазақстан халқы конституциялық-құқықтық қатынастардың негізгі субъектісі болып саналады. Конституцияның 3-бабына сəйкес, Қазақстан халқы оның ерік-қалауы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы. Халықтың құрылтайшы билігі 1995 жылдың 30 тамызындағы республикалық референдумда Қазақстан Республикасы Конституциясын қабылдауынан көрінді. Бұл Конституцияда қоғам мен мемлекеттің маңызды бастаулары көрініс тапты əрі заңды түрде бекітілді. Халықтың құрылтайшы билігі басқа да тағдырлы мəселелерді қабылдаудан да көрінеді. Қазақстан халқы өз билігін республикалық референдум жəне еркін сайлау арқылы тікелей жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды халық мемлекеттік органдарға тапсырады. Қазақстан халқы атынан сөз айтып, əрекет ету Республика Президентіне, сондай-ақ конституциялық өкілеттілік шегінде Парламентке тиесілі. Мұндай өкілеттілік ешқандай саяси партияға да, діни бірлестікке де, азаматтардың жергілікті қоғамдастығына да берілмеген. Билікті ешкім иелене алмайды, билікті иеленіп алғандар заң бойынша қудаланады (Қазақстан халқы Ассамблеясы).