Қазақстан аумағында 117 тіл бар (2009), бұлардың қатарында қазақ тілі – Қазақстанның Мемлекеттік тілі, Автохтондық тілі, Титулды тілі, ал орыс тілі, Қазақстан Республикасы Конституциясы 7-бабының 2) тармағы бойынша, «қазақ тілімен ресми түрде тең қолданылатын» тіл, диаспоралар тілі, иммигранттық тілі бар. Генеологиялық жіктеуге сəйкес, Қазақстан тілдері əлем тілдерінің аса ірі семьялары мен макросемьяларына жататын сегіз генетикалық топ пен кіші топтарға бөлінеді, олар: алтай тілдері, үнді-еуропа тілдері, орал тілдері, қытай-тибет тілдері, иберий-кавказ тілдері, семит-хамит (афразия) тілдері, палеоазия (чукот-коряк, чукот-камчат) тілдері, аустроазия тілдері. Алтай тілдерінің ішінде мынадай топтар бар: -түркі тілдері – əзірбайжан, алтай, башқұрт, гагауз, долған, қазақ, қарайым, қарақалпақ, қарашай-балқар, қырым татарлары, құмық, қырғыз, ноғай, татар, тофалар, тыба, түрік, түркімен, өзбек, ұйғыр, хақас, чуваш, шор, саха (якут) тілдері; - монғол тілдері – бурят, қалмақ, монғол (қалқа монғол) тілдері; - тұңғұс-мəнжүр тілдері – нанай, негидал, орок, ороч, удэге, улч, эвенк, эвен тілдері; - оқшауланған тілдер – корей, жапон тілдері. Үндіеуропалық семьяда мынадай топтар бар: - славян тілдері – белорус, болгар, поляк, орыс, серб, словак, украин, хорват, чех тілдері; - балтық тілдері – латыш, литва тілдері; - герман тілдері – ағылшын, идиш, неміс, нидерланд, швед тілдері; - үнді тілдері – урду, хинди, цыган тілдері; - иран тілдері – белудж, күрді, осетин, парсы, пушту, рушан, тəжік, талыш, тат, шугнан тілдері; - роман тілдері – испан, италян, молдаван, румын, француз тілдері; - оқшауланған тілдер – албан, армян, грек тілдері. Орал тілдерінің семьясында мынадай топтар бар: - фин-угор тілдері – венгер, вепс, ижор, карел, коми-зырян, коми-пермяк, лив, манси, таулық мари, жайылымдық мари, мордвалық мокша, мордвалық эрзя, саам, удмурт, фин, ханты, эстон тілдері; - самоди тілдері – нганасан, ненец, селькуп, энец тілдері. Қытай-тибет тілдерінің семьясында – дүнген, ханзу тілдері бар. Иберий-кавказ тілдерінің семьясында мынадай топтар бар: - абхаз-адыгей тілдері – абазин, абхаз, адыгей (кях), кабарда-шеркес тілдері; - картвель тілдері – грузин тілі; - нах-дағыстан тілдері – авар, агул, дарғын, ұңғыш, лак, лезгин, рутул, табасаран, удин, цахур, шешен тілдері. Семит-хамит (афразия) семьясында мынадай тілдер бар: - араб, ассирия (жаңа сириялық тіл), иврит тілдері. Палеоазиялық тілдер семьясында мынадай топтар бар: - чукот-камчат тілдері – ительмен, коряк, чукот тілдері; - эскимос-алеут тілдері – алеут, эскимос тілдері; - юкагир-чуван тілдері - чуван, юкагир тілдері; - кет-асан тілдері – кет тілі; - оқшауланған тілдерден – нивх тілі. Аустроазия семьясына вьетнам тілі кіреді. Қазақстан тілдерінің арасында тіл типтерінің төртеуі де бар: агглютинативті (жалғамалы) типке Қазақстан тілдерінің алтай, орал, палеоазия, иберий-кавказ текті тілдері; флективті типке үнді-еуропа тілдері; оқшауландырушы типке қытай-тибет, аустроазия тілдері; инкорпоративтік типке палеоазия текті тілдер жатады. Референтті этностардың саны бойынша Қазақстан тілдері былайша көрініс береді: Ι. Миллиондық тілдер, яғни сөйлейтіндер саны миллионнан астам тілдер, мұндай тілдер – қазақ жəне орыс тілдері. ΙΙ. Сөйлеушілерінің саны жүз мың, одан астам тілдер, мұндай тілдерге белорус, неміс, татар, өзбек, ұйғыр, украин тілдері жатады. ΙΙΙ. Сөйлеушілерінің саны елу мыңнан астам – əзірбайжан, корей, түрік тілдері. ΙV. Сөйлеушілерінің саны он мыңнан асатын – армян, башқұрт, грек, дүнген, ұңғыш, күрд, қырғыз, молдаван, мордва (мокша, эрзя), поляк, тəжік, шешен, чуваш жəне басқа тілдер. V. Сөйлеушілерінің саны мыңнан асатын – авар, болгар, грузин, иврит, идиш, қарақалпақ, қарашай-балқар, қырым татарлары, латыш, лезгин, литва, мари (жайылымдық, таулық), осетин, парсы, түркімен, удмурт, цыган, эстон т.б. тілдері. VΙ. Сөйлеушілерінің саны бес жүзден астам – бурят, гагауз, дарғын, қалмақ, коми-пер мяк, құмық, лак, моңғол, румын, талыш, фин, чех т.б. тілдері. VΙΙ. Сөйлеушілерінің саны жүзден астам – абхаз, агул, адыгей, алтай, ассирия, венгер, карел, коми-зырян, ноғай, рутул, табасаран, удин, хақас, чуван, шор, саха (якут) т.б. тілдері. VΙΙΙ. Сөйлеушілерінің саны оннан асатын – абаза, албан, белудж, вепс, долған, ижор, кабарда-шеркес, қарайым, коряк, нанай, ненец, рушан, словак, тат, тофалар, тыба, удэгей, ханты, хорват, цахур, чукот, швед, шугнан, эвенк, эвен, жапон т.б. тілдері. ΙХ. Сөйлеушілерінің саны онға жетпейтін – алеут, ительмен, кет, лив, манси, негидал, нивх, ороч, саам, селькуп, серб, ульч, энец, юкагир т.б. тілдері. Қазақстан тілдерінің мəртебесі қазақ тілімен (мемлекеттік тілмен) қатынасына қарай белгіленген. Қазақстан тілдеріне қатысты тілдік саясат пен тілді жопсарлау істері бірқатар мемлекеттік құжаттармен жəне актілермен реттелген (қар. Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, Əлем тілдері, Тілдік ахуал, Тілдік заңнама)