ҚОЛЖАЗБА

lat: QOLJAZBA

з а т. 1. Автордың қолымен жазылған жазбаша шығарма. 1281 жылы түркістандық қожалардың шыққан ата тегіне арналған бірнеше қ о л ж а з б а жазылған болатын. Қожалардың өздерін әдетте арабтармыз деп атайтыны белгілі, осыған байланысты ел ішінде мынындай бір аңыз сақталған екен (“Парасат”). Ат қойылып, айдар тағылған қ о л ж а з б а н ы Сәкен Шәймерденге уақтылы әкеп берсе, Үркіт Мешітінің имамы Баязит Қазанға аттанғалы отыр екен (Т.Кәкішев, Сәкен Сейфуллин). Хаби қ о л ж а з б а л а р ы н а н басын көтеріп, столға шынтақтай отырып жағын таянды (Р.Әутәліпов, Той тарқар). 2. Баспаға ұсынылған немесе теруге жіберілген жазба материалдың түпнұсқасы. 80-ші жылдардың соңына таман менің қолыма, сәті түсіп, диқанның шынайы өмірі мен ісі туралы баяндалған қ о л ж а з б а келді. Оның авторы Шығанақтың тұңғышы, 1908 жылы, яғни диқанның 29 жасында туып, ересек уақыттың көпшілігін әке қасында өткізген ұлы Махмұд маған сол қ о л ж а з б а н ы тапсырып тұрып: “Қарағым, мына жазуларымды ал, пайдаға жараса жарыққа шығарарсың, жарамаса, мұрағаттағы құжаттарыңа қосып қоярсың”, деген еді (“Егемен Қазақстан”). Қазақ театрының іргетасын қалаушылардың бірі, биыл туғанына 110 жыл толған Қ.Қуанышбаевтың Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатында қазақ сахнасындағы қырық жылға жуық қызмет еткендегі, ойнаған кейіпкерлерінің текстері, өзінің жазған еңбектерінің қ о л ж а з б а л а р ы, өмірбаяндық құжаттары, туған-туысқандары мен әріптестерінің, замандастарының хаттары, фотосуреттері және мерейтоймен, мерекелермен құттықталған құттықтаулары бар (“Қаз. әдеб.”). Қаншама әлі қ о л ж а з б а ң Сол қатарға қосылар (С.Сейітов, Жаңғырық).