lat: QOLTYRMASH
алғаш атқа мінген бала жығылып қалмас үшін, оның қолтық астынан ашамайдың алдыңғы және артқы қасын бір-біріне жалғай (екі жағынан да) байланған ағаш. Оның ұзындығы ашамайдың алдыңғы, артқы қасына еркін жететіндей болады. Баланы алғаш атқа мінгізерде оған жуас ат таңдалады. Өйткені аяқ астынан ат үріксе, тақымы әлі бекіп үлгермеген бала бірден жығылады. Бала атқа мінерде алдымен таңдалған атқа ашамай ерттеледі. Оған баланы отырғызып, қолтырмашты екі қолтығының астына көлденеңінен қойып алдыңғы, артқы қастан мықтап байлайды. Жүргенде атты жетектеп, атқа мінуге баланы бойын біртіндеп үйретеді. Кейінен бала тізгінді қолына алып, өз бетімен атқа міне алатын болады. Сондай-ақ, ашамайға алғаш мінген бала аяғы талмас үшін қоржын тәрізді «текпішек» және қолтырмаш орнына қос баулық керіп қоятын болған. Кей жағдайда кішкентайынан атты адамның алдына отырып, артына мінгесіп жүріп өскендіктен тақымы бекіп, балалардың көбі ашамайды қажет етпейді.