ҚОНУ

lat: QONÝ

Қон етістігінің қимыл атауы.

1. Құстың, жәндіктің қонақтауы, отыруы.

Бір килограмм бал жинау үшін бал арасына 19 миллион гүлдерге қонуы керек (Қ.Қайымов, Қызықты зоол.).

Ағашқа қонып, қаранып, Қанатын, жүнін таранып, Болмақшы еді мәз-мәйрам (Абай, Тол. жин.).

2. Көшкен елдің бір жерге қоныстауы, орналасуы.

Төртқұдық, Тұзжағасы, Алдаберген, Қайран ел қонушы еді көлденеңнен. Беріштің әр үйіне түскен қонақ Жылқыдай болушы еді көлге келген (Мұрат Мөңкеұлы, Өлеңд.).

Жайлауға шыға айғыр суытшы еді, Ыстықтың қалмайды деп зарараты. Тізіліп көл жағалай қонушы еді, Жарасып ақ үйлердің қияфаты (М.Дулатов, Шығ.).

3. Бір жерге түнеп шығу.

Ұшқанмен таңдай биікті. Сол жүргеннен қас қарайғанша жүріп, аттар әбден сабылды. Жолаушылар кешке Қамысты көлдің жағасына жетіп, шатыр құрып, қонуға жатты (Б.Соқпақбаев, Қайда.Гауһар).

«Онда мен Әбдібайдікіне қона кетіп, ертең күн жарығанда-ақ ауылға жететін едім…» деп жарым жолдан асқанда барып жаңағы шәугім ала барған үйге қону ойыма түсті (Ө.Қанахин, Жер бас.).

Атқа қону. Атқа міну, жөнелу. Содан кейін атқа қонуға бұйырды. Қалың әскер лек-лек боп жаңағы өздерін жусатып кете жаздаған жауларының соңынан қуа жөнелді (І.Есенберлин, Қаһар).