ҚОРҒАН

lat: QORǴAN

орта ғасырларда соғыс кезінде жаудан қорғану мақсатында қаланы, қамалды, бекіністі айналдыра қоршап салынған қорғаныс жүйесі. Алғашқы қорғандар топырақтан үйіліп жасалған үйінді жал түрінде болды. Кейін қорған қалың және биік дуалдармен (қабырғалармен) қосылған мұнаралардан тұрды. Қорған қабырғалары мен мұнаралары тастан, балшықтан, кірпіштен және ағаштан салынып, мұнаралар қорған қабырғаларының бұрыштарында және қабырғалардың ұзын бөліктерінің бойында тұрғызылды. Мұнара дөңгелек, төртбұрышты немесе көпбұрышты формаларда жасалып, қорған қабырғасның сыртына біршама шығып тұрды, биіктігі қабырғадан 1,5-2 есе биік болды. Мұнаралар жауды бақылау, қамал қабырғаларын және қақпаларын жау шабуылынан қорғау үшін қолданылды және әскердің тасалайтын орны және тірегі болды. Қамал қабырғалары мен мұнараларында үстіңгі жағында тасадан атыс жүргізуге арналған жіңішке тесіктер жасалды. Әдетте қорған ішінде патша сарайлары мен ақсүйектердің тұрақтары орналасты. Қорғанысты күшейту үшін кейбір қорғандарды сыртынан айналдыра орлар қазылып су жіберілді.