ҚОРАП

lat: QORAP

з а т. 1. Бір нәрсенің қатты заттан жасалған қабы.

Жартастардың бірінің басына шығып төмен қараса, біздің машинамыз сіріңкенің қорабындай ғана болып көрінетін шығар деп ойлады (Береке бастауы).

Қыздар шөлмек алқаларды қорабынан алып беріп жатыр («Лен. жас»).

Ұнтақ амино-пластардан әртүрлі бұйымдар, ойыншықтар, телефон, радио және телевизор қораптары т.б. әзірленеді (ҚҰЭ).

2. Арба, шана, мәшине т.б. үстіне адам отыру және жүк арту үшін орнатылған қоршау, қалқан.

Тарантастың тоқыма кең қорабындa екі жас жігіт отыр (С.Мұқанов, Саяхаттар).

Торы ат ыта кеп жөнелді де, Арыстанхан арбаның қорабына жалп ете түсті.

Егер қасындағы жігіт ұстап қалмағанда, оның қораптан ауып түсуі ықтимал еді (Ә.Нұршайықов, Жер тур.).

Екеуі танысқан соң, қорабына ақ кірпіш артқан машинаға отырысты (Дала дауылпаз.).