ҚОРЛАН

lat: QORLAN

е т. 1. Ашу, ыза кернеу, ызаға булығу, күйзелу.

Жүніс бастаған бірнеше жемшіктер қатарынан қатты қорланып, күйініп күйзелген сөздер айтты (М.Әуезов, Таңд. шығ.).

2. Абыройы төгілу, біреудің басынғанына күйіну.

Жылады қыз, жырлады, Ағытты о да арманды. Кейіді, күйді, қорланды, Тудым деп неге қарғанды (I.Жансүгіров, Шығ.).

Намыс сол өзің қорлан кемдігіңе, Құрбыңмен ұмтылып бақ теңдігіңе. Алмай өс алдыңғының аяғынан, Соқтықпай өзіңіздеп еңбегіңе (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Қайран қазақ халқы өзінің басындағы барынан айырылған, қырылған, жойылған, тапталған, қорланған, шегін шұбатып қайта тұрған, жарасын жазып, жоғының орнын толтыруға қадам басқан XX ғасырдың 90-жылы еді (М.Мағауин, Ұлтсыздану ұраны).

3. Ұятқа қалу, ұятын тарту.

Ақбілегін жақсы көргені, аяғаны, қызғанғаны, өкінгені, жиренгені, қорланғaны бәрі араласып, ақсақалдың жүрегіне зіл қара тастай бір бітеу жара пайда болған еді (Ж.Аймауытов, Шығ.).

4. Намыстану, біреудің мүсіркегеніне ашыну.

Аққозыға қайта жолығуға өзінің мына мүсәпір түрінен қорланып, одан біржолата күдер үзген (І.Есенберлин, Көшпенділер).

Жүзімді де, жанымды. Терім жүр-ау әлі алынбай, Жан берудей би маған. Қорбаңдаймын қара аюдай, Қорланам да қиналам (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

Ал сау бол, сау бол мәңгі арман-арым, Мәңгіге еске аларым, толғанарым. Өтінем, мүсіркеме, қорланaмын Бақытым бол деп сені зорламадым (М.Шаханов, Ғасырлар.).

5. Намысы аяққа тапталу, намыстану.

Керіле түсіп қалжыраған, қорланған қыз көзіне жас алмапты. Мүсіркеушілерге «Бәлем тұра тұрлап!» күнігушілерге қалың ерні қалшылдап ыза шашады аузынан (Ғ.Мұстафин, Көз көрген).

Мәден түйнек ауруы бар адамдай аунайды. Өкінеді, уһілдейді, қорланaды, қамығады, уанады (Т.Әлімқұлов, Күрең өзен).

Ол аталасының әдепсіз сөзіне әбден қорлансa керек: Осыны айтып тұрғанының өзі шошқалық! деді (Ә.Сәрсенбаев, Толқында).

Жансейіт кірерге тесік таба алмай қорланыпты (Ұ.Шойбеков, Сұсты күн.).