ҚОРЫ

lat: QORY

е т. 1. Бір нәрсені қорғаштау, қарауылдау; қызғану.

Көк теңіздің балығын қорадағы малындай қорығаны қалай? Бұнысы қай зорлығы? деді Еламан ішінен (Ә.Нұрпейісов, Сергелдең).

Жат есікті және қорып, Жара салма сен маған. Жұрт жамандар жатқа жорып, Жалынамын мен саған (Абай, Тол. жин.).

Ел білерлікісің жоқ, Дегдар емес, будансың. Будан дейтін себебім: Айналаңды торисың, Түзден тоят тілемей, Өлексені қорисың, Алдыңа келсе жүгініс, Терісті оң деп жорисың (Дулат Бабатайұлы, Замана.).

2. Күзету, бағу, басқадан қорғау.

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс, Ел қорыған мен едім, Мен де айырылдым елімнен, Көл қорыған сен едің, Сен де айырылдың көліңнен (Махамбет, Өлеңд.).

Иван, болысты шақырып кел, деген соң, казак-орыс барып болысты шақырып, қосқа кіргізді де, өзі анадайдан қосқа ешкімді жолатпай қорып жүр (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Ренжітіп бақ қорыған атаны, Барлық бала рахатқа батады. Иығына салып алып кетпенді, Апам қырға кетіп бара жатады (Т.Молдағалиев, Шақырады.)