lat: QORYM
з а т. 1. Ыстық пен суықтың, желдің әсерінен ұсақталған қиыршық малта тас, сынған жарғышақ тас үйінділері.
Биік таулар мен тасты шөлдердегі үйіліп жататын тас қорымдар осындай үгілудің нәтижесінде пайда болады (С.Жортанов, Өлкетану.).
Шың мен құз бар ма, тас кешу бар ма, қорым, қойтас бар ма – барлық жықпылын білетін бұл өңірдегі атаулы жерші Бекбол ғана (М.Әуезов, Таңд. шығ.).
Ешкімнің мұнда естілмек емес ентігі, Етегі қорым еңлікті құздың ең тігі. Ержүрек құстың ұясы еді, етекте Аткөпір сүйек – арқар мен елік жемтігі (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).
2. г е о л. Үгілу нәтижесінде пайда болған қатты жыныстардың ірі кесектерінің беткейлер етегіндегі шоғырлары.
Шамадан тыс ылғал жұту нәтижесінде борпылдақ тау жыныстары өздерінің теңбе-теңдік күйін жоғалтып, ауырлық күшінің әсерінен қозғала бастайды. Жылжу сипатына қарай көшуші жыныстардың сырғыма, опырылма, сыдырма, қорыс, қорым деп аталатын түрлері болады (К.Сапарбайұлы, Геология.).