lat: QOSH1
[ир. خوش ] о д. 1. Бір-бірімен айырылысар, ұзаққа қоштасар кезде айтылатын лебіз сөз.
Қош, қалқам, Қош, қаламқас, ұмытпа! Бұл кім десем, күйеулер ғой, Желдіріп жүрген ымыртта (Б.Майлин, Шығ.).
– Қош, елім, қош, туған жер! – дегенде ол, Даусынан тани кеттім Ғалияның (Ж.Молдағалиев, Өлеңд.).
Жаудыр көз жары қалды ұзап, Деді де « Қош ,қош. Аман қайт тек, дос!» (Ә.Сәрсенбаев, Баспалдақ).
Түбі бірге түтпейді? Тұрандай түгел халқымнан, Тұрғызбай Төстік ап келген. Осылай деп Ақжелек, Уа, балалар, қош!–деді, Орнынан ұшып тұрды да Боқмұрынды иіскеді (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).
Қапыда үлгірмедім “қош” деуге де, Бірдеме үзілгендей бос кеудеде, Бір айқай сол кеудеден шықты ма әлде, Соңғы бір қоңырауындай көшкен кеме? (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).
2. а у ы с. Әлқисса, әңгімені осыдан әрі жалғастырайын деген мағынадағы қыстырма сөз.
Қош, сонымен, талас, Енесей тас бітіктерімен салыстырғанда, Орхон ескерткіштерінің композициялық-архитектуралық құрылыс ансамблі орналасқан табиғи ландшафтың жалпы көрінісі, нар тастардан кейіпкер мүсінін ағаш жонғандай сыр-сымбатын, кескін-кел- бетін сомдауға төселген кәсіби машықтану, жазу таңбаларының палеографиялық ерек шеліктері канондық қалыптасып, жетілгені – көшпелі түрік өркениетінің шырқау шың-құзының дәлелі («Жас Алаш»).
Демек, Еуропарламенттің көзімен қарағанда, бүгінгі таңда Қазақстан экономикалық және демократиялық реформамен үндестік тауып отырған заң жобалары өмірге жолдама алып отыр екен. Қош, делік (“Түркістан”).