ҚҰЙ

lat: QUI

е т. 1. Сұйықтықты бір нәрсеге төгу, бір заттың ішіне қотару.

Суды әуелі төбемнен құйып жіберші (Н.Ғабдуллин, Өмір күй.).

Қатша қол жуатын жылы суды шәугімге құйды (М.Әуезов, Қараш.).

2. Сұйық тағамдарды (шай, сүт, қымыз т. б.) ыдысқа бөліп жайғастыру, ішуге әзірлеу.

Ас құйған сайын «есіңізге ал» деп сол шебер істеп беріп кеткен ожауы, деді ол (С.Бегалин, Сәтжан).

Қара торы келіншек шай құйып отыр (Ә.Тарази, Асу).

Он екі, он үш жасқа келген бір қыз Бұларға дастарқан сап, қымыз құйды (Айтыс).

3. Ағынды сулардың (өзен, бұлақ) бір-біріне немесе көл, теңіз, мұхитқа келіп қосылуы.

Табын көші сонау Елек өзенінің Ақ Жайыққа құятын жағасынан шығысқа қарай Електі өрлеп келе жатыр (I.Есенберлин, Қаһар).

Бұлақ бара-бара кеңейіп үлкейеді, бұған бөтен бұлақтар құйып, сөйте бара үлкен өзен болып кетеді (Ы.Алтынсарин, Таңд. шығ.).

4. Жауын-шашынның нөсерлетіп қатты жауып кетуі.

Қара жаңбыр құйып тұр, күн күркіреп, нажағай жарқылдай түсті (Ә.Әбішев, Жас түлек).

Жауын әуел. екпіндете, бүрке келді де, құйып кетті (Ғ.Мұстафин, Дауыл.).

5. Балқытқан металдан бір заттың бейнесін, мүсінін қалыпқа түсіріп жасау.

Бір-екі жігіт қорғасыннан оқ құйып жатыр (М.Жұмағұлов, Қыран.).

Грибоедовтың шойыннан құйған ескерткіші тұр (С.Шәріпов, Шығ.).

Алтын Орда хандары алтын ақшаны өз аттарынан құя бастаған (I.Есенберлин, Алмас.).