lat: QUL
з а т . 1. Құлдық, феодалдық дәуірде басында еркі жоқ, иесіне толық тәуелді шаруа адамы, жарлы-жалшы.
Құл еңбегі, негізінен, феодалдық үй шаруашылығында қолданылды. Құлдар мал бақты, жер жыртты (ҚазССР тарихы).
Еріксіз еңбек ету, жалшы болу, Жұмыскер шаруаға қатты батты. Адам деп жарлыны ешбір санаған жоқ, Талайын мал орнына құл ғып сатты (Ақын жырлары).
Асылзада баласы Дәулеті кетіп қолынан Қоңсысына құл болды. Асылсыздың баласы Ақшасына сүйеніп Айтқан сөзі пұл болды (Мұрат, Өлеңд.).
Бір патшалыққа бағыну құл болу деген сөз емес қой, өз керегін өзі білдіртпесе Петрбурда отырған чиновниктер 3-4 мың шақырым жерде ен далада көшіп жүрген қазақтың тұрмысын қайдан біледі? (М.Дулатов, Шығ.).
2 . к ө н е. Соғыста қолға түскен тұтқын.
Қарашылар, әдетте, бір рудан емес, сан рудың жарлы- жақыбайларынан немесе жаугершілікте жау жағынан қолға түскен «құл» аталатындардан құралады (С.Мұқанов, Аққан жұлдыз).
Ертеде, жаугершілікте, соғыста қолға түскен адамды «тұт» деп атап, қызметші – құл етіп алатын болған («Қаз. әдеб.»).
3 . а у ы с. Пенде, пақыр.
Жүрегі жұмсақ, білген құл, Шын дос таппай тыншымас. Пайда, мақтан бәрі – тұл, Доссыз ауыз тұшымас (Абай, Тол. жин.).
Жаратқан Мұхаммедтің нұрын Құдай, Ғаламнан он сегіз мың бұрын Құдай. Өз қандасын өзіне досты қылып, Мұндай артық сүйер ме, құлын Құдай? (Шал ақын, Өлеңд.).
4. а у ы с. Бір нәрсеге табынып, соған бағыныштылық.
Мәдениет жүзінде адам баласы құс болып ұшып, балық болып жүзіп, алысты жуық болдыруды анық қалап отырса да, бірін-бірі өлтіруді, зорлығы, қиянаты қалмай отыр. Неге? Адам тәрбиенің құлы болуға жетпей әлі күнге табиғаттың құлы болып жүргендік (Ж.Аймауытов, Шығ.).
Кірді ғой түстен кейін тентек ақылы, Сертімнің бұл өмірлік ең ақыры: “Адамның – құл өзін жеңіп ұстамаған” Деген бір Сократтың бар нақылы (С.Торайғыров, Алаш ұраны).
Адам – ар-намысының құлы ғой (Ө.Тұрманжанов, Адам.).
Сауда өнері де мәдениет дәрежесіне құл (Ә.Бөкейханов, Шығ.).