ҚҰЛА

lat: QULA

е т. 1. Жығылу, таю, сүрініп етпетінен түсу.

«Апалап» уанбастан жылаған күн, Жүрем деп қаз-қаз тұрып құлаған күн. Еркелеп, құр былдырлап, өтірік жылап, Алдына апам байғұстың сұлаған күн (М.Жұмабаев, Шығ.).

Әкең үйдің алдында құлап жатыр. Алып кірмеймісің? (Ш.Хұсайынов, Үкілі Ыбырай).

Аманкелді көздеп басып қалды. Тағы екеуі құлады (М.Жұмағұлов, Қыран.).

2. Опырылу, қирау, бұзылып қалу.

Серәлінің соғыстан бұрын салып алған екі бөлмелі үйі қазір құлаған (Ж.Молдағалиев, Айналайын.).

Бұл науқас қатаң тиді, сірә маған, Бардай-ақ бассыз ісім ұнамаған. Ажалдың ақ бораны соқса қарсы, Гүлденген гүжім бар ма, құламаған ?ете Жүсіп, Өлеңд. толғау.).

Неше түрлі орнатқан шөптің гүлі, Сондай жайда ашылған бұлбұл үні. Бірден он төрт құлапты мұнарасы, Дүниеге хақ пайғамбар келген күні (Мәшһүр-Жүсіп, Шығ.).

3. Жата кету, сұлау.

Енді демалайық, деді де өзі жастығына жамбастай құлап, көзін жұмды (Б.Тілегенов, Аққайнар).

Әлде көгін келсем бе бір айналып, Әлде шөбін сүйсем бе құлай қалып? Қалеке-ау, біз ілгері жүрген сайын. Айнала бара жатыр шыр айланып (Д.Қанатбаев, Жетіқарақшы).

4. Биіктен төмен қарай құлдырау.

Атылып мұнарадан қыз құлаған, Қадалып түйліккен шал құзғын оған. Жұтқанда жас аруды кәрі теңіз, Кеудеге бұлтын жиып құз жылаған (С.Мәуленов, Таңд.).

Қалмағандай қыстың елге бұлдары. Сияқты аспан дымқыл сіңген былғары. Маскүнемнің бас киімі тәрізді Шатырлардың құлағалы тұр қары! (Қ.Мырзалиев, Қорамсақ).

5. а у ы с. Тақтан айырылу, орнынан түсу, күйреу.

Әмір Темір тұқымы құлағаннан бергі Бұқар-Самарқанның тарихы қазақпен шие байланысқан болса керек (Х.Досмұхамедұлы, Таңд.).

Төңкөріс болып, патша құлады дегенді естігені бар (Б.Тілегенов, Аққайнар).

Самарқан әмірі құласа, соның орнына сізді әмір етіп қоймақшы (Ш.Хұсайынов, Үкілі Ыбырай).

6. а у ы с. Емтиханнан, не басқа бір сыннан сүріну, өте алмай қалу.

Енді қысқы емтихан сессиясы басталады. Қорқып жүр құлап қалам ба деп (М.Мағауин, Көк мұнар).

Баласы бірдеңесін қорғай алмай құлапты (Т.Нұрмағамбетов, Қош бол.).

7. а у ы с. Көңілі кету, ынтасы ауу.

Аң-құсы қайта айналып келіп қолына қонғандай, Қанипаға өлгенше құлап тұр (С.Омаров, Қызыл арай).

Темір спортқа құлай берілді, футбол десе ішкен асын жерге қойды (Ғ.Тәшімбаев, Топжарған.).

Дастарқанда қара қойдың басы алда, Сөйтеді елім, құлап құрмет жасарда! Бұл шопанның талай қашқан ұйқысы, Күн шаңырағын арайымен ашарда (Ә.Ахметов, Жерұйық).