ҚҰЛАМА

lat: QULAMA

з а т. 1. Таудың, жардың тік қабағы.

Екі жағасы құлама биік жар қабақ, ортасы терең арна (А.Байтанаев, Қайнар бұлақ).

Тауда аң аулап жүрген аңшы бір топ арқарды көреді Олар тау беткейіндегі құлама жардың жағасымен қатар түзеп өтіп бара жатады (Р.Әлімбаев,.. Құстар.).

Төбенің құлама жарында, ауылдан шашау шығып, бөлек отырған қора-қопсысы бытысқан жермен-жексен жалғыз үй болатын (Ә.Сараев, Ақ тымық түн).

Сол қанатында асу бермес адуын тау өзені, оң жағында шыңырау, құлама құз (С.Досанов, Қыран.).

2. Жолдың төмен түсетін жері, құлай берісі.

Әмина балаларды жолдың құламасына иіріп қойып, қолын көтерді (Ғ.Мүсірепов, Кездесп. кет.).

Саятқа мінілетін қу аяқ жылқылар қунақ желіспен жалғыз үй отырған құлама қойнаудан ұзай берді (Ә.Кекілбаев, Үркер).

3. Биік жартастан қуатты екпінмен төмен құлаған су; сарқырама.

Енді біздің қызыға қарағанымыз Ниагара су құламасы (I.Омаров, Шабыт.).

«Марқакөлдің тентегі» атанған бұл өзенді жүз километрге созылған су құламасы десе де болады (Ә.Нұршайықов, Менің Қазақст.).