lat: QUNDY
с ы н. 1. Бағалы, қымбат.
Кигізейін үстіне жақсы тонды, Шамам келсе қылайын пұлды, құнды. Аман келсе қылармын айтқанындай, Бірді берсем өзгеге, бұған онды (Мәшһүр-Жүсіп, Шығ.).
Мұндай құнды шикізат Челябі металлургия комбинатында аса жоғары сапалы болатты балқытуға ауадай қажет («Егемен Қазақстан»).
Жер-ананың жеті қабатын ақтарып, ең қымбат, ең құнды, ең бағалы асыл кендерді сенің игілігіңе тарту еткен де солар – кеншілер, завод ерлері (Ғ.Сланов, Замана).
Бағалы, қамбат зат. Жаздай дамыл таппай семіртіп, ең көрнектісін, құндысын әкелген малшы қазақ қымбатқа сатқысы келсе, оның аяулысын жалақтаған саудагерлер арзанға алып, пайда тапқысы келді (Ғ.Мұстафин, Дауыл.).
Сүт заводы шаруаның бұлдысы Қысы-жазы басын жоймас құндысы, Талай завод әлі-дағы орнамақ Бұл сүт завод ауылдағы жыл құсы (С.Мұқанов, Шығ.).
2. Аса маңызды, мәнді, қажетті.
Сонда ғана талайдың тағдыры, жазушы және оның сүйікті халқы өткен күллі саяси-шаруашылық, мәдени өткелдерінің куәсі саналатын көлем жағынан да, мазмұнды сапасы жөнінен де құнды әрі бай мұра өз шешімін табады (Қ.Ергөбеков, Жан жылуы).
«Тоқсанның тобы» атты құнды поэмасының өзін тоқсан саққа жүгіртіп, бұл ақынның шын ойы, шын көңілі емес деп шулағандар қаншама болды (М.Базарбаев, Замана тудырған.).
Міне, сондықтан да Мағжанның «Алыстағы бауырыма» деп аталатын өлеңі түрікшілдік идеясы үшін ең құнды және ең пайдалы өлең (М.Шоқай, Таңд. шығ.).