ҚҰНСЫЗ

lat: QUNSYZ

с ы н. т а р. 1. Өліп кетсе құн, төлем сұрамайтын; іздеусіз, сұраусыз, жоқтаусыз.

Шын деп қалай ойлайын, ойын демей?! Жаңа ғана келеді босап көмей. Не байларға тимедің алам деген, Саған қалай пұлданды құнсыз кедей (Мәшһүр- Жүсіп, Шығ.).

Атқан оқтан пайда аз жөнсіз болса, Жолдасыңнан пайда аз құнсыз болса, мінәжат өлеңменен ісі болмас, Көңлі қайтқан бір дертті кісі болса (Ақмолла ақын, Күндер.).

Құнсыз болып еріміз, Жесір болып жеріміз, «Жан менікі» дей алмай, «Мал менікі» дей алмай, Ит пен құсқа азық ек (А.Байтұрсынұлы, Шығ.).

2. Құны, қадір-қасиеті жоқ, бағасыз.

Әке- шешесі үшін құрбандыққа атап, Дәмеш сияқты қыздар құнсыз бәске сатылып жатыр!.. Әй, аштық, әй, аштық, қылдың- ау! (Б.Майлин, Шығ.).

Тас дедің бе? деді әлгі адам томсарып. Құнсыз болып қалғаным ба соншалық (М.Шаханов, Ғасырлар.).

Сонда ол Абайдың құнсыз байды шенеп, сынағанын айтады (М.Әуезов, Таңд. шығ.).

Кешегі ер Мұқанның бүгін құнсыз бенде болып, өзін-өзі кішірейткені Бекболатты жеркендірді білем (С.Шәріпов, Бекболат).

3. а у ы с. Мәнсіз, мағынасыз.

Есерсоқ өңшең мастары, Бозақор ойсыз жаста- ры Алжыды деп Дулатты, Келеке етіп күлерсің. Менің айтқан бұл сөзім, Саналы болса ой көзің, Өлең емес, жыр емес, Құнсыз сөздің бірі емес, Басыңа түссе білерсің (Дулат Бабатайұлы, Замана.).

Өткен өмір де құнсыз еді Мәймүнаға. Мынадан кейін келешек өмірді мүлде керексіз деп тапты ол (З.Ақышев, Ақбел.).

Өлеңім де құмдай құнсыз, тастай көп, Бір дөкейге көрсетіп ем басты, әйбат, Бас асаудай мөңкіп- мөңкіп баспада, Базар жаққа тағын тастап қашты-ай кеп (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).

4. а у ы с. Бағасы, теңдесі жоқ, қымбат.

Тіпті құнсыз бағаға алғандары естерінен шығып кеткен (I.Есенберлин, Көлеңке.).