lat: QURBAN
[ар. قربان ] з а т. д і н и. 1. Құдайға құлшылық етудің бір амалы ретінде Аллаға арнап садақаға соятын мал, құдайы.
«Құрбанға өгіз союшы еді. Малайларына бір бөлек арнатып құрбан союшы еді. Бұл төреден мырза жан жоқ еді» – деді (С.Сейфуллин, Тар жол.).
Келесі жылы малды құрбан ретінде сойып жейтін болған. Құрбанның етінен дәм татқандар аман болады деп есептелген (М.Исқақов, Соқыр сенім.).
2. а у ы с. Асқақ, биік, асыл мақсатты орындау жолында жанын қиып, қаза болған адам.
Абдуллаев пен Мельник екі ер, екі елдің боздағы, Отан құрбаны десең олқы емес ерлердің бірі еді (Ғ.Мүсірепов, Қазақ батыры).
Соғыс басталған күні Алдаберген өз еркімен майданға сұранып, Ұлы Отан соғысының алғашқы құрбандарының бірі болды (С.Мәуленов, Шыңда.).
3. а у ы с. Бір нәрсенің кесіріне қалған, жазықсыз жазым болған адам.
Рабфак студенттері оны құтқармақ болып заң орындарына барса, ондағылар тыңдап, шара қолданудың орнына кіріспей-ақ қойыңдар деген «ақыл» айтады. Ақыры қыз ескіліктің құрбаны боп кете барды (І.Есқожин, Сәбит Мұқанов.).
4. а у ы с. Жемтік .
Жүрмеді ол жай жөніне бос қаңғып,
Өз құрбанын өзектерде тосты аңдып.
Өзі еркін болғанымен өзгеге
Беруге ол қарсы болды бостандық (С.Мәуленов, Алыс кет.).
5. а у ы с. Бір нәрсенің жолына арналған садақа; пида.
Кетсем де кейде күйіктен қаңғып,
Үміткер едің биіктен барлық.
Жақсылық айтар адамға құрбан,
Жомарт та қылған, сараң да қылған,
Көңілім менің, көңілім (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).
Осы Отанға енді өзің қожа, өзің хансың. Менің жиған-тергенім сенің жолыңа құрбан (О.Сәрсенбаев, Сағым).
Айттым сәлем, қалам қас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғанда сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас (Абай, Тол. жин.).
6. а у ы с. Шығын, зиян.
Содан тура он жыл араға салып, қоян жылы келген жұттың да құрбаны аз болған жоқ (С.Қалиев, Еңбек ерені).
Облыстан уәкіл келеді – олар не атақ шығарады, не шатақ шығарады, саған қайсысы керек! Әрине атақ шығарғаны керек. Бір қойың – құрбан. Төрт деп қой (Ә.Тарази, Қиян-соқпақ).