ҚҰРЫЛТАЙ

lat: QURYLTAI

1) түркі-монғол ақсүйектерінің ресми кеңесі. Түркілерде, кейіннен Шыңғыс хан империясында Құрылтай үлкен рөл атқарған. Онда негізінен, ұлы хан сайлау, жауланған жерлерге иелік ету және әскери жорық бағытын белгілеу мен оған әскербасы тағайындау мәселелері шешілді. Ұлыстарда да жыл сайын Шыңғыс хан әулеті мен әскери көшпелі ақсүйектердің Құрылтайы шақырылды. 1259 ж. Мөңке ханның өлімінен кейін жалпы монғолдық, яғни ұлы Құрылтай шақырылмайтын болды. XV-XVIII ғасырларда түркі мемлекеттерінде, соның ішінде қазақ хандығында аса маңызды мәселелерді шешу үшін Құрылтай шақырылған. 1920 ж. Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан секілді Орталық Азия елдерінде мемлекеттік биліктің жоғары органы Құрылтай болды. Қазіргі Монғолияның заң шығарушы органы ұлы халық құралы. Монғол және Түркі елдерінде бұл жиналыс кенес деген мағынаны білдіреді; 2) партиялардың, қозғалыстардың, т.б. өзге де қоғамдық бірлестіктердің аса маңызды мәселелерге байланысты бастапқы басқосу жиылысы.