lat: QURYQ
з а т. 1. Өрістегі жылқыны ұстау үшін, ұшы аттың құйрық қылынан жасалатын ілмек жіп бекітілген ұзын сырық.
Кейбір биелер мойнына құрық салғанда-ақ, бірден тыныштана қалады (Қымыз.).
Құрықты, көбінесе, жуас жылқыны ұстауға қолданады, асау жылқыны бұғалық салу, шалма түсіру, арқан лақтыру арқылы да ұстайды (ҚҰЭ).
Баубек бастырып қалып, құрықты қыл мойнынан сала, толғап жібергенде, көк қасқа шыңғыра мөңкіді (Ғ.Мұстафин, Дауыл.).
Өзінің де киімі күржи қалың болса керек, ебедейсіз байғұстың бөрінің мойнына қарай лақтырған құрығы жонына былқ еткенде қасқырдың да тісі сақ етіп, көз ілестірмей құрықты жұлып алады (С.Жүнісов, Ақан сері).
2 . а у ы с. Азап, бейнет, қасірет.
Сессиядан құтылғанына Құдайдың құрығынан құтылғаннан бетер қуанып отыр (Ө.Қанахин, Жүрек қалауы).
Қайғы- қасірет пен тақсірет құрығының не екенін біліп, күннің көзіндей құбылмалы дүниенің күйдіріп те, тоңдырып та жіберетін құдіреті барын тұңғыш рет мойындап, ағыл- тегіл жылаған – шын жылаған жылы да осы (О.Бөкей, Жесірлер).