lat: QYLYQ
[ар. خلق ] з а т. 1. Кісінің жеке басына тән әрекет-қимылдар түрі.
Оның үстіне қылық – дегеніміз осы қимылдардың шумағы (жинағы) болса, ол қимылдың арасындағы байланысын табу да, басқаша айтсақ, қимылдардың мінезін, сыртқа шығу түрін тағайындау да психологияға кіреді (Ж.Аймауытов, Шығ.).
2. Біреу тарапынан істелген ұнамсыз іс- әрекет.
Кейбір қазақ жігіттері елде жоқ қаталдықпен Ғайшаның қылығын бетіне айтып, ұялтуға да айналды (М.Әуезов, Қараш.).
Жайсыз осы бір қылық тап қазір Дәмеш жүрегін улап, көз алдында тұрған Қайырдың тұлғасын алыстата берді (З.Шашкин, Доктор.).
Мінгенім дәйім менің жирен шұбар,
Сұмдық сөз, сұмдық қылық биден шығар.
Жігіттің алған жары жақсы болса,
Бұралып тал шыбықтай үйден шығар (Қара өлең).
Сүйекке сіңген мінез арылмайды,
Жасынан жаман әдет қуып қалған.
Бұл айтылған қылықтар табылады
Адамсыған, оқыған бұзықтардан (Ақмолла ақын, Күндер.).
3. Кісіге тән жағымды мінез.
Ол Костя оныншы класты бітіріп, қолына аттестат алған күні қылығымен де, сөзімен де мұғалімдерді де, жолдастарын да таңғалтты (С.Сарғасқаев, Сұлутөр.).
Балықтың екіншісі – жайын дейді,
Бір жұрты – ер жігіттің қайын дейді.
Қылығың бұ жалғанға жағып өтсең,
Алдыңда сегіз жұмақ дайын дейді (Қара өлең.).
4. Әдетте жас қызға тән ойнақы әрі назды, тартымды мінез, қимыл-әрекет.
Қызда қылық болмаса, құр шырайдан не пайда (Бес ғасыр.).
Қазықұрттың басынан түсер тұман,
Ақсай басып келеді жорға құнан.
Есімді алып өзіңе ынтықтырған,
Айналдым мен назерке қылығыңнан (Халық әндері.).
Ақтоқтының тәтті қылықтарын ойлап, көз алдына елестетіп келеді (Р.Райымқұлов, Жасыл.).