lat: QYMBAT
с ы н. 1. Нарқы, құны артық, бағасы жоғары .
Дүние аты мәшһүр болған қымбат ,
Ықшамды әрі әдемі сондай сымбат.
Мақсатың көңілдегі табылады,
Адамзат зор санайды етіп құрмет (Қара өлең).
Сен сұрасаң, Әзімбай,
Айтайын келген жөнімді.
Арада жүрген жеңгемін,
Киемін қымбат тоныңды (Қамбар батыр).
Пәтері төрт бөлмелі екен, бөлме іштері толған қымбат гарнитур, асыл кілем, еденін мысық жалағандай етіп жылтыратып тастапты (I.Есенберлин, Алтын құс).
2. Бәрінен артық, маңызды .
Әрине, жүрмек қызық, көрмек қымбат ,
Сондай еңбекпен білмекке келдік.
Бұның бәрі даусыз шындықтар (М.Әуезов, Шығ.).
Қысқасы, жан көріністерінің ең қымбаты – ой, ой тілі –сөз (М.Жұмабаев, Шығ.).
3. Асыл, ардақты, жанға жақын, ыстық, құнды .
Сіз таныған шындық мен үшін бәрінен қымбат болар, соны ойлаңыз (М.Әуезов, Шығ.).
Қонғаны ауылымның көл жағасы,
Шаң басқан жасыл құрақ жол жағасы.
Қан тамған кіндігінен топырағына,
Ер үшін қымбат екен жер бағасы (Қара өлең).
Кісінің туып-өскен жері қымбат ,
Үйренген бала жастан елі қымбат .
Ата-анаң, аға-жеңгең қадірлеген
Тебіскен құлын-тайдай теңі қымбат (М.Дулатов, Шығ.).
4. Қымбатты, құрметті, қадірлі .
Өз халқына қатты сүйсініп, ерекше шаттықпен ырза болған Ильиных жаңағы орнынан атып тұрып: “Рахмет, қымбат қарт” деп кеп, Құлекеновты құшақтай алды да, жабысып кеп бетінен сүйіп алды (М.Әуезов, Шығ.).
Жас «Қазақтың» толған жылын құттықтаймыз һәм қымбат ұлтымыз қазақ жұртын нұрландыру жолында өмірлі болып, көп жылдар қызмет етуін тілейміз (М.Дулатов, Шығ.).
5. Аса қажет, мұқтаж болғаннан құнды .
Ауданды жерде не қымбат – құрылыс ағашы қымбат, шифер қымбат. Әрбір шеге, әйнек, темір шатыр, цемент дегендерде ұшы-қиыры бар ма?! (М.Әуезов, Шығ.).
Орала берме, Жібегім,
Тезірек жүрші, сен де, біз.
Сенсең қымбат керегім,
Алақандай ақ бәтес (М.Жұмабаев, Шығ.).
6. Маңызды, мазмұнды, терең .
Кейін кездескен “Қасқабұлақ” колхозындағы Абайдың інісі Архам да ақын жайынан нелер қымбат әңгімелер айтады (М.Әуезов, Шығ.).
Ойлап айт, не айтсаң да өлең қымбат ,
Неге жұрт арзан болса отыр тыңдап.
Төрт жолды айта алмасаң тауып жылдам,
Алмайсың түк бітіре зарлап, ымдап (Қара өлең).
// Қадірлі зат.
Біз көп нәрсені, көп қымбаттарымызды күлкі тоқтықпен ерте жоғалттық (О.Бөкей, Шығ.).